Аңдатпа
Қазақстандағы азық-түлік инфляциясы – күрделі әрі көпфакторлы мәселе, оның басты себептерінің бірі – импорттық бағаларға тәуелділік. Елдегі азық-түлік өнімдерінің едәуір бөлігі шетелден әкелінетіндіктен, әлемдік бағалардың ішкі нарыққа ықпалын зерттеу азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы азық-түлік инфляциясына әлемдік азық-түлік бағаларының ықпалы жан-жақты қарастырылды. Зерттеу екі кезеңде жүргізілді: бірінші кезеңде корреляциялық-регрессиялық әдіс қолданылса, екінші кезеңде уақыттық қатарларды талдау әдісі пайдаланылды. Талдау нәтижелері 2000–2024 жылдар аралығындағы уақыттық деректерді өңдеу негізінде алынды. Бірінші кезеңде ай сайынғы деректер (жалпы 300 бақылау) қолданылса, екінші кезеңде үш уақыттық қатар негізінде негізгі ықпал етуші факторлар (қаржылық дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі, пандемия) есепке алынды.
Зерттеу барысында әлемдік азық-түлік бағаларының Қазақстандағы азық-түлік инфляциясына тікелей әсер ететіні анықталды. Сонымен қатар, жаһандық экономикалық тұрақсыздық кезеңдерінде әлемдік бағалардың инфляция деңгейіне ықпалының арта түсетіні дәлелденді.
Әлемдік азық-түлік бағаларының құбылмалылығы олардың ішкі нарыққа әсерін тұрақты түрде бақылап отыруды және инфляцияны тежеу мақсатында тиімді шараларды қабылдауды қажет етеді.
Зерттеу нәтижелері өндіріс арналары бойынша тауарларды саралап есепке алу қажеттігін көрсетеді, яғни отандық және импорттық өндірісті жеке қарастыру қажет. Сонымен қатар, импорттық азық-түлік инфляциясын дәлірек анықтау үшін қолданыстағы әдістемеге өзгерістер енгізу ұсынылады.

Бұл жұмыс Creative Commons Attribution 4.0 бүкіл әлем бойынша .
Авторлық құқық (c) 2025 Қазақстан-Спектр