Аңдатпа
Жергілікті әкімшілік басшылары, әкімдер институты Қазақстанның жергілікті билік органдары жүйесінде орталық рөл атқарады. Әкімдер Президент пен Үкіметтің өкілдері болып табылады, жергілікті мемлекеттік басқару өкілеттіктерін өзін-өзі басқару функцияларымен біріктіреді. Әкімдер өз өңірінің немесе елді мекенінің стратегиялық және экономикалық дамуы бойынша негізгі шешімдер қабылдайды, бұл жайт билік пен жергілікті тұрғындар тарапынан жергілікті әкімшілік басшыларының институтын қалыптастыруға ерекше назар аударылуын түсіндіреді. Мақалада әкімдер 1991 жылдан бастап Қазақстанда өз лауазымдарын атқаруға септігін тигізген механизмдерге ретроспективті талдау жүргізіледі. Салыстырмалы және институционалдық әдістерді қолдану аясында ұқсастықтарды, айырмашылықтарды анықтау және ұсыныстар әзірлеу үшін Корея Республикасының осы мәселедегі тәжірибесі зерттелді.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы Қазақстандағы әкімдер лауазымына орналасудың қолданыстағы жүйесіне үздіксіз өзгерістер енгізілуімен байланысты. Зерттеу көрсеткендей, жергілікті әкімшілік басшыларының институтын құру саяси режимге, елдегі саяси және экономикалық процестерге, азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Қазақстан мен Кореяны елдердің дамуының белгілі бір кезеңінде аталған қызметшілерді тағайындау және жанама сайлау тәжірибесінен кейінгі тікелей сайлауды енгізуге деген ұмтылыс біріктіреді. Алайда бұл даму бір бағытты болған жоқ, жергілікті атқарушы билік органдарының басшыларын сайлау бастамалары біраз уақытқа шегерілді. Қазақстанда реформалар төменгі, ауылдық басқару деңгейінен бастап іске қосылды. Кореяда жүйе аймақтық және муниципалдық деңгейде синхронды түрде өзгерді, жаңарту толық және бір уақытта болды.
Бұл жұмыс Creative Commons Attribution 4.0 бүкіл әлем бойынша .
Авторлық құқық (c) 2024 Қазақстан-Спектр