Аңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасындағы мәслихаттардың (жергілікті өкілетті органдардың) әлеуметтік бағдарланған мемлекетті қалыптастыруға қатысуына кешенді талдау ұсынылады. Зерттеу 2020–2024 жылдар аралығында Астана және Алматы қалалары мен Қостанай, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы мәслихаттардың қызметін қамтиды. Контент-талдау, салыстырмалы және институционалдық әдістер негізінде әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары, халықпен және азаматтық қоғаммен өзара әрекет формалары, институционалдық дербестік деңгейі мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы нақты нәтижелері қарастырылды. Анализ нәтижелері көрсеткендей, 2022 жылғы реформалардан кейін мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтілгенімен, атқарушы биліктің үстемдігі, нормативтік-құқықтық базаның әлсіздігі және жекелеген депутаттардың төмен бастамашылдығы сияқты институционалдық шектеулер сақталуда. Сонымен қатар, халықпен тиімді өзара әрекеттесу және маңызды инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру бойынша аймақтық тәжірибелер анықталды. Мәслихаттардың ұлттық құндылықтарды ілгерілету, әлеуметтік бірлікті нығайту және этносаралық қақтығыстардың алдын алу ісіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Зерттеу нәтижелері мәслихаттардың мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде іске асыруда маңызды делдалдық рөл атқаратынын көрсетеді. Дегенмен, олардың тиімділігін арттыру үшін институционализацияны тереңдету, заңнамалық базаны нығайту, есеп берушілік пен азаматтарды қатыстыру механизмдерін дамыту қажет.

Бұл жұмыс Creative Commons Attribution 4.0 бүкіл әлем бойынша .
Авторлық құқық (c) 2025 Қазақстан-Спектр

